Қазақстан • 20 Қаңтар, 2023

Ерлан Қошанов халықты алдағы сайлауға белсене қатысуға шақырды

367 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы биылғы 19 наурызға тағайындаған Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын мерзімінен бұрын сайлауға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ерлан Қошанов халықты алдағы сайлауға белсене қатысуға шақырды

Ерлан Қошанов аталған шешім қоғам үшін де, елдегі саяси күштер үшін де күтпеген жағдай емес екенін жеткізді. Себебі Президент былтыр қыркүйек айында сайлау күнтізбесін алдын ала, ашық жария еткен болатын.

«Бұл –  елдегі конституциялық реформалардың заңды жалғасы. Сондықтан «AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының бұл шешімін толық қолдайтынын мәлімдейді. Бұл сайлау – жаңа демократиялық дәстүрлер қалыптастыруға мұрындық болады. Еліміздің әрбір азаматы осы саяси науқанның жүгі мен жауапкершілігін терең сезінуі керек. Себебі мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұрақты дамуы үшін, халқымыздың бейбіт өмірі мен бақуатты тұрмысы үшін бәріміз жауаптымыз», деп мәлімдеді партия Төрағасы.

Ерлан Қошанов «AMANAT» партиясы аз уақыттың ішінде түбегейлі трансформациядан өткенін және алдағы сайлауға тас-түйін дайын екенін атап өтті.

«AMANAT» партиясы – еліміздегі байыпты бастамалардың, оң өзгерістердің басты қозғаушы күші. Біз жалаң ұран, құрғақ уәде емес, нақты істермен айналысып келеміз. Оған –  халық куә! Сондықтан біз алдағы сайлаудың ұлтты ұйыстыратын, елді біріктіретін саяси науқан болғанын қалаймыз. Мемлекеттің мүддесі, елдің болашағы жолында жақтастарымызбен де сыншыларымызбен де қоян-қолтық, конструктивті жұмыс істеуге дайынбыз. Барлық қазақстандықтарды алдағы сайлауға белсенді түрде қатысуға шақырамыз», деді «AMANAT» партиясының Төрағасы.